Жанбибі Дүйсенбаева - ғалым-ұстаз

Дүйсенбаева Жанбибі Сенбайқызы Маңғыстау облысы Маңғыстау ауданына қарасты Тұщыбек аулында 1958 жылы дүниеге келген. Филология ғылымдарының докторы. 1982 жылы Алматыдағы Абай атындағы педагогикалық институтының филология факультетінің «Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша үздік бітіріп, бірден сол оқу орнының аспирантурасына қалдырылады. 
Ж. Сенбайқызы саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнады. 1982 жылдан бері Ақтау қаласындағы №1, №11, №20 мектептерде үздіксіз еңбек еткен. Республикалық бірнеше олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлерін дайындап, қанат қақтырды. Мектепте жүріп, кандидаттық диссертациясын қорғаған бірден-бір республикадағы ғалым-ұстаз. Шәкірттері бірнеше сайыстардың жүлдегері. Танымал әдістемелік оқу құралдардың авторы. 
1999 жылы орта мектепте жасай жүріп, ғылыми ізденісте АГУ-де «Әбіш Кекілбаев повестеріндегі көркемдік шешім» тақырыбында ғалым С. Мақпыровтың жетекшілік етуімен кандидаттық диссертациясын мерзімінен бұрын қорғап, 1999 жылы 29 желтоқсанда «Филология ғылымдарының кандидаты» ғылыми дәрежесі атағын алды. 
Осы ғылыми диссертацияны қорғау үстінде орта мектеп мұғалімдері үшін:«Әбіш Кекілбаев шығармашылығынан диктанттар жинағы» 5-9 сыныптар үшін (1999 ж. Алматы. «Дәуір»), «Әбіш Кекілбаев шығармашылығы бойынша жазушымен жүргізілген сұхбат» (1999 ж. Алматы), «Әбіш Кекілбаев прозасы» (1999 ж. Алматы, «Дәуір баспасы»), «Әбіш Кекілбаев шығармашылығынан иллюстрация» (бастауыш сыныптары үшін 1999 ж. Алматы. «Кітап» баспасынан шығарды).  Халықаралық, республикалық, облыстық ғылыми – практикалық конференцияларда, ғылыми   журналдарда ғылыми мақалалары  жарыққа шықты. 2000 жылы «Нұрлы әлем» баспасынан «Әбіш Кекілбаев - суреткер» (оқу құралы), 2002 жылы Ә. Кекілбаевтың «Шыңырау» повесін орта мектепте оқыту»; 2003 жылы  белгілі қаламгер Ә. Спанмен бірлесіп жазған «Махамбет және Маңғыстау» зерттеу кітабы «Нұрлы әлем» баспасынан жарық көрді; 
2005 ж. белгілі қаламгер Ә. Спанмен бірлесіп «Ұлы даланың ұланғайыр мұрасы» атты ғылыми зерттеу кітабын шығарды. 2001 жылы «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналына «Оқулықтағы олқылықтар» атты мақаласы жарияланды.  Басында БҒМ бекіткен орта мектептің 8-сынып байқау оқулығына, кейін 6-сынып оқулығына  Ә. Кекілбаевтың «Шыңырау» повесі осы ғалымның мұрындық болуымен енгізілді; Ал оқу министрлігі бекіткен жалпы білім беретін орта мектептің 7-сынып Әдебиет оқулығына  ғалымның тақырыпты түйіндеуге (М. Өтемісұлы. «Тарланым») ғылыми зерттеулерінен тұжырымды пікірлері енгізілген.
Ол жергілікті бірнеше ақын-жазушылардың жинақтарына алғысөз, ғылыми түсініктерін жазып, редакторлық жасады, жинақ құрастырушылар қатарында болды. Олар: қаламгер Ә. Спанмен бірге Ә. Кекілбаев 5 томдық «Сыр-десте» жинағына, С.Қондыбайдың, «Гиперборея», «Жауынгерлік рух», қаламгер Ә.Спанның «Қабекеңнің қазынасы», С.Назарбектің Таңдамалы 3-томдық шығармалары, «Ұлы дала ұлдары», М. Нығметуллаевтың «Тарих тағылымы», «Адай кіндікті әулиелері», М. Әбдіхалықовтың «Сүйінғара» т.б. Маңғыстау жазба әдебиетінің корифейі А.Құдайбергеновтің көлемді еңбектеріне алғысөзі мен ғылыми түсініктерін жазып, редакторлық жасаған. А. Құдайбергеновтің артында қалған әдеби мұрасын жинақтап, қорытып, шәкірттеріне диплом жұмысын жаздырып, оның жоқшысы болып, «Нұрлы әлем» баспасынан марқұмның 2 томдық еңбегін жарыққа шығарды.

1999 жылдан 2009 жылға дейін Ш. Есенов атындағы университетте тұрақты түрде Әбіштану арнаулы курсынан дәріс оқыды. Студенттер үшін әдістемелік құралдар шығарды. 2008 жылы «Арыс баспасынан «Әбіш Кекілбаев шығармаларындағы тарихи таным» атты монографиясын шығарды; 2009 жылы 23 қарашасында  Әл-Фараби атындағы университетте (КАЗГУ-де) «Әбіш Кекілбаев шығармаларындағы тарихи тұлғалар және көркемдік шешім» докторлық диссертациясын филология ғылымдарының докторы Қансейіт Әбдезұлының жетекшілік етуімен қорғап, 2010 жылы «филология  ғылымдарының докторы» ғылыми дәрежесі атағын алды; Баспасөз, теледидарда өз пайымын жариялады. 2010 жылы қаламгер Ә. Кекілбаевтың шығармашылығы хақында «Кімнің мәңгүрті? Мәңгүрттіктің тамыры тереңде» ғылыми мақаласы жарияланып, «КТК», «Хабар» арналарынан қайталанып берілді. Ол сол айдың үздік мақаласы деп танылды; 
Ғылыми зерттеудің аясы тіпті кең, зерттеуші тек Қазақстан көлемінде ғана шектеліп қалған жоқ. Қарақалпақстан, Өзбекстан, Түрікменстан,  (Хиуа), Иран жерлеріне ғылыми сапар шегіп, бірталай құнды мәліметтер жинады. Оны өзінің ғылыми еңбегінде тұтына білді. Соның бір парасы Өзбекстандағы аңыз-әңгімелерде көп айтылатын Құл базарының тарихы мен Шерғазы хан медресесі.
Сондай-ақ Ирандағы Нәдір шах өмір-тарихына қатысты құнды мәліметтер тұңғыш рет ғылыми диссертацияға кірістірілген. Ондағы түсірілген суреттер кейін жазушының шығармаларын оқытудың әдістемесіне де іске асты. Бұл зерттеудің жаңалығы мен тиімділігі-жазушы шығармаларының теориясы мен әдістемесінің қатар жазылғандығында.

Халықаралық, республикалық ғылыми конференциялар мен ғылыми баспасөз беттерінде 200 ғылыми мақаласы жарыққа шықты; «Маңғыстау мұғалімдері» энциклопедиясын жазуда ерекше еңбек етті.   
Ол Маңғыстау облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру институтында 17 жылдан бері дәріс оқып келеді. 2008-2009 оқу жылында Маңғыстау облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру институтында бөлім меңгерушісі; 2009 - 2012 жылдарда әдіскер. 2013 жылдан кафедра меңгерушісі. 2013 жылдың наурызынан кафедра профессоры; Осы институттың аясында бірнеше тақырыпта қысқа мерзімді курстар өткізіп, Оқу кешендерін жасады. «Әбіштану» арнаулы курсын тұрақты түрде - 15 жылдың үстінде өткізіп келеді.  Ағарту саласындағы ұзақ жылғы елеулі еңбегі ескеріліп, «Аға мұғалім», 1997 жылы «Қазақстан халық ағарту ісінің озық қызметкері» төсбелгісін тақты; ҚР Білім министрінің Құрмет грамотасымен т.б. марапатталған. 2003 жылы ЮНЕСКО көлемінде тойланған дауылпаз ақын Махамбеттің мерейтойында Махамбет атындағы сыйлықты иеленді. «Маңғыстау», «Қазақстан әйелдері» энциклопедиясына енген. Облыс бойынша 2010 жылдың «Жыл адамы» байқауы номинациясының «Жыл ғалымы».  Қазір жаңаша оқыту 
бағдарламасымен облыс мұғалімдерін оқытуда.