Сәкен Темірқұлов - дәрігер-реабилитолог, "Қанат" мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға арналған орталықтың директоры, "Дарынға дауыс бер" жобасының жеңімпазы, "Герой года 2013" номинациясының иегері. 

Бүгінде әлемде сал ауруына шалдыққан жандарды емдеу өте қиын. Тіпті, дамыған өркениетті елдердің өзі қауқарсыздық танытуда. Ал Сәкен Темірқұловтың сал ауруын тереңірек зерттеуіне өз басынан өткен оқиға түрткі болып тұр. Тұңғыш ұлы Қанат сал болып туылып, 7-жасында дүниеден озды. 7-жылғы үмітін бір-ақ күнде перзентімен қоса жұтқан сол қаралы күннен кейін Сәкен сал ауруымен күресуге бел буған. Арманы — емі жоқ дертті жеңіп қаралы күннің бұлтын сейілту. Тұңғыш ұлы Қанат сал ауруына шалдығып дүниеден озған соң, бұл дерттің емі жоқ екенін түсініп, сал ауруын тереңірек зерттей бастайды. Медициналық білімі жәрдем болып, дегеніне де жетті. 1999 жылдан бастап, ерен еңбекпен тәжірбиенің арқасында бүгін де сал ауруын ғана емес, ауыр жарақаттан жүре алмай қалғандарға да көмек қолын созып келеді. Өзі ойлап тапқан тірек-қимыл аппараттары қарапайым темірден жасалған. Бұндай үлгілер әлемде жоқ. Бүгінде дәрігердің қолынан шыққан аппараттардың бір парасы ғана іске қосылған. Қазіргі таңда орталықтан 3300 аса адам ем алды. Оның ішінде арбаға таңылған 800-ден аса адам балдақпен жүре бастаса, балдаққа сүйенген 300-ден аса адам өз аяқтарына тұрып жүріп, біразы тіпті жүгіріп кетті. Бүгінде дәрігердің емдеу орталығына Қазақстанның түкпір-түкпірінен, тіпті шет елден немесе ТМД елдерінен ағылып келіп, асқынған сырқаттарына шипа тауып алғыстарын ақтарып жатады. Алайда, Сәкен Темірқұлов “бұл — менің жеткен жетістіктерімнің басы ғана” дейді.  - Қазіргі жасалынып жатқан жұмыс — Айсбергтің басы ғана. Менің арманым — болашақта Қазақстан реабилитациядан бүкіл әлем бойынша алдыңғы қатарда тұрса деймін. Сол үшін қызмет атқарамын.