Ықылас Молдалиев – медицина ғылымдарының докторы, профессор, Рессей Жаратылыстану академиясының корреспондент-мүшесі.  

Өңірдің қоғамдық өміріне белсене араласып төртінші және бесінші шақырылым Кентау қалалық мәслихатының депутаты болды. А.Н.Сызганов атындағы Хирургия ғылыми орталығында хирургия мамандығы бойынша медицина ғылымдарының кандидаты дәрежесін қорғады. 2007 жылы Жоғары қоғамдық денсаулық сақтау мектебінде қоғамдық денсаулық және денсаулық сақтау мамандығы бойынша докторлық диссертациясын қорғады. 2010 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігі, білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің шешімімен медицина профессоры атағы берілді.  72 – ғылыми мақаласы, 7 – оқу құралы, 1- монографиясы жарық көрген, 4 патент иегері.  2012-2014 жылдарда «Разработка иммунодиагностики и дифференцированных подходов к этиопатогенетической терапии бруцеллеза в условиях хронической интоксикации солями тяжелых металлов» тақырыбы бойынша ғылыми гранттық жоба жетекшісі.  Ы.Молдалиевтың жетекшілігімен үш докторлық диссертация қорғалған.

Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-де 25 жыл жұмыс істеп, ассистент  қызметінен проректор қызметіне дейінгі барлық сатыларынан өткен. Университет құрамындағы медицина факультетінің қабырғасын қалап аяғынан нық тұруына үлкен еңбек сіңірген ұлағатты ұстаз. Бүгінгі күні медицина факультетінің деканы қызметін атқарады.

Ықылас Молдалиев «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі» төс белгісімен марапатталған, Президент тағайындаған «ҚР Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» грантының иегері.  «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалімен, «Қазақстан Республикасы мәслихатына 20 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталды. 2018 жылы білім беру саласындағы және университеттің дамуына сіңірген еңбегі үшін «Ясауи» медалімен марапатталды.