Болат Бекжанов - Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, жазушы-драматург, ақын, сатирик, сазгер.

Болат Бекжановтың қаламынан туындаған «Айша бибі» махаббат дастаны драмасы, «Үйлену увертюрасы» мюзиклі, «Өмір» атты мелодрамасы, «Жеті лақ», «Түлкі-бүлік» атты балаларға арналған ертегі қойылымдары Жамбыл облыстық қазақ драма театрында, сондай-ақ, еліміздің өзге де театрларында сахналанып жүр.

1979 жылы жазушы-драматург  Әлдихан Қалдыбаевтың жасөспірімдерге арналған «Шаншар  атай» драмасында   басты роль  - Саматай образын  үлкен шеберлікпен сомдап, сол кездегі  КСРО бойынша  Бүкілодақтық   театр фестивалінің  лауреаты атанды.

Болат Бекжанов  1990 жылы Жамбыл облыстық телерадиокомитетіне режиссерлық қызметке шақырылып,  осы ұжымда 1993 жылға дейін   редактор,  аға  редактор қызметтерін атқарды. 1993 жылы  Жамбыл облыстық   «Ақ жол» газетіне әдеби қызметкер болып ауысты.

2005 жылы  жаңадан ашылған  Жамбыл облыстық «Ар-Ай» жастар газетіне  бас редактор болып тағайындалып, осы газет жұмысының қалыптасып,  жолға қойылуына көп еңбек сіңірді.

2010 – 2014 жылдары Тараз  қалалық       «Жамбыл – Тараз»  газетінде бас редактор  қызметін  атқарып,  газет материалдарының сапалық деңгейін көтерумен қатар, көптеген ел қызығып оқитын жаңа айдарлар мен арнайы беттер ашуды қамтамасыз етті. 

Бүгінде, ол Жамбыл облыстық қазақ драма театрының директоры. Театрдың Көркемдік кеңесінің төрағасы.

Театр  директоры және  театрдың Көркемдік кеңесінің төрағасы ретінде, ол  өз еліміздің, сондай-ақ, шет ел классиктерінің жұртшылыққа кеңінен танымал «Отелло», «Еңлік-Кебек», «Қыз Жібек» сияқты туындыларын театр репертуарына тұрақты енгізіп, насихаттауды жолға қойды. Сонымен қатар, сахнаға бүгінгі күн тақырыбындағы, тарихи тақырыптардағы шығармаларды, әр түрлі  комедияларды, балаларға арналған ертегілер мен  шағын сюжетті спектакльдерді  жиі шығаруды ұтымды ұйымдастыруда.

Оқырмандары  Б.Бекжановты –  талантты ақын-жазушы, драматург, сазгер, жан-жақты дарынды тұлға ретінде әрдайым мақтан тұтады. Ол – өзі туып-өскен Жамбыл облысы Талас ауданының Құрметті азаматы.

Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі,  бірнеше прозалық, поэзиялық, сатиралық кітаптардың және көптеген әндердің авторы. Драмалары еліміздің  театрларында  сахналануда.  Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері. Республикалық «Еңілікгүл» кәсіби  сыйлығының 2012 жылғы  «Жыл драматургі»  номинациясының  лауреаты.

2011 жылы  «Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 20 жылдығы»  медалімен, 2016 жылы  Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 25 жылдығы»  медалімен марапатталған.